шаблоны сайт визитка joomla
Скачать шаблоны Joomla 3.5 бесплатно

Тел: 8 727 772 1560    Email: k.kegen@zhetysu.gov.kz       

ПАРА БОЛУЫ МҮМКІН

Заттар – ақша, оның ішінде валюта, банктік чектер және бағалы қағаздар, құнды металлдан және тастардан жасалған бұйымдар, автокөліктер, азық-түліктер, бейнетехника және басқа да заттар, пәтерлер, саяжайлар, қала сыртындағы үйлер, гараждар, жер телімдері және басқа жылжымайтын мүліктер.

Қызмет көрсету және пайда – ем қабылдау, жөндеу және құрылыс жұмыстары, шипажайға және туристік жолдама, шетел сапарын төлеу,
ойын-сауық және басқа шығындарды төлеу, тегін немесе кемітілген бағамен беру.

Жасырын (бүркемеленген) пара түрі – банктік көмек несиесін қарызға алу немесе жоқ несиені өтеу, тауарларды төлеу, тауарларды төмен бағамен сатып алу, тауарларды ең жоғарғы бағамен сатып алу, жалған еңбек шартын жасап жемқорға, оның туыстарына, достарына еңбек ақы төлеу, жеңіл несие алу, дәріс беру, мақалалар және кітаптар үшін қаламақыны аса көтеру, ойынханадағы «кездейсоқ» ұтыстар, жалдау ақысын жеңілдету, несие мөлшерінің пайызын көбейту және т.с.с.

Өздігінен пара алуды жүзеге асыру түрлері ол қызметі бойынша жалпы қамқорлыққа және қылмысқа жол беру.

Жалпы қамқорлық және қылмысқа жол беру мемлекеттік қызметке үйлеспейтін әрекет, яғни азаматтардың өзінің қабілеттілігі және кәсіби даярлығы бойынша мемлекеттік қызметке түсуге және мемлекеттік қызметте жоғарлауына құқылы.

Жалпы қамқорлыққа жөнсіз марапаттау, негізсіз кезексіз лауазымын жоғарлату, қажет етпейтін басқа да іс әрекеттеріне байланысты көтермелеулер жатады.

Қылмысқа жол беруге, мысалы, лауазымды адамның тиісті шаралар қабылдамауы немесе пара алушының немесе оның қарамағындағы адамдардың қызметіне, оның заңсыз әрекеттеріне шаралар қабылдамауы жатады. 

Жалпы қамқорлығы және қылмысқа жол беруі бойынша пара алу келесі жағдайда болады:

  • пара алушыда пара берушінің пайдасына жасаған немесе жасамаған әрекет (әрекетсіздік) мүмкіндігі сақталады;
  • бұл мүмкіндік бақылаудың жоқтығынан немесе сол адамдардың арасындағы бағыныстылықтан пайда болады;
  • екі адамда берілетін сыйды түсінуі қажет (сый түріндегі пара лауазымды адамның мінез-құлқына сәйкес беріледі).

ПАРА АЛҒАНЫ ҮШІН ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ

КІМ ТАРТЫЛУЫ МҮМКІН?

Пара алушыға мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берiлген адамның не оған теңестiрiлген адамның немесе жауапты мемлекеттiк лауазымды атқаратын адамның не лауазымды адамның, сол сияқты шет мемлекеттiң немесе халықаралық ұйымның лауазымды адамдары (әрі қарай – лауазымды адамдар) жатады.

Жауапты мемлекеттiк қызмет атқаратын адамдар - мемлекеттiң мiндеттерi мен мемлекеттiк органдардың өкiлеттiгiн тiкелей атқару үшiн Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының конституциялық және өзге де заңдарында белгiленген қызметтердi атқаратын адамдар.

 

ПАРА ҮШІН ЖАЗА

Пара алу (366-бап):

Лауазымды адамының пара берушiнiң немесе оның өкiлi болған адамдардың пайдасына жасаған әрекеттерi (әрекетсiздiгi) үшiн, егер мұндай әрекеттер (әрекетсiздiк) осы адамның қызметтiк өкiлеттiктерiне кiретiн болса не ол лауазымдық жағдайына байланысты осындай әрекеттерге (әрекетсiздiкке) ықпал жасай алатын болса, сол сияқты жалпы қамқорлығы немесе жол берушiлiгi үшiн өзiне немесе басқа адамдарға ақша, бағалы қағаздар, өзге мүлiк, мүлiкке құқық немесе мүлiк сипатындағы пайда түрiнде жеке өзi немесе делдал арқылы пара алуы - мүлкi тәркiленiп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмiр бойына айыра отырып, параның 50 еселенген сомасы мөлшерiнде айыппұл салуға
не 5 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға
жазаланады.

Айтарлықтай мөлшерде жасалған дәл сол iс-әрекет, сол сияқты заңсыз әрекеттерi (әрекетсiздiгi) үшiн пара алу - мүлкi тәркiленiп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмiр бойына айыра отырып, параның
60 еселенген сомасы мөлшерiнде айыппұл салуға не 3 жылдан 7 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға
жазаланады.

Параның айтарлықтай мөлшері болып 50-ден 3000 АЕК дейінгі ақша сомасы, бағалы қағаздардың, өзге де мүліктің немес мүлікті сипаттағы пайданың құны табылады.

Егер осы әрекеттер, қорқытып алу жолымен, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, iрi мөлшерде, бiрнеше рет жасалса, – мүлкi тәркiленiп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмiр бойына айыра отырып, параның 70 еселенген сомасы мөлшерiнде айыппұл салуға
не 7 жылдан 12 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға
жазаланады.

Параның iрi мөлшері болып 3000-нан асастын 10 000 АЕК дейінгі ақша сомасы, бағалы қағаздардың, өзге де мүлiктiң немесе мүлiктiк сипаттағы пайданың құны табылады.

Егер осы әрекеттерді, қылмыстық топ жасаса, сол сияқтыаса ірі мөлшерде жасалса - мүлкi тәркiленiп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмiр бойына айыра отырып, параның 80 еселенген сомасы мөлшерiнде айыппұл салуға не 10 жылдан 15 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Параның аса iрi мөлшері болып 10 000 АЕК асатын ақша сомасы, бағалы қағаздардың, өзге де мүлiктiң немесе мүлiктiк сипаттағы пайданың құны табылады.  

Егер сыйлықтың құны 2 АЕК аспаса, осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамның бiрiншi рет сыйлық түрiнде мүлiктi, мүлiкке құқықты немесе өзге де мүлiктiк пайданы алуы бұрын жасалған заңды әрекеттерi (әрекетсiздiгi) үшiн алдын ала уағдаластық болмаған кезде маңызы аз болуына байланысты қылмыс болып табылмайды және тәртiптiк немесе әкiмшiлiк тәртiппен қудаланады.

 

Пара беру (367-бап):

Лауазымды адамның жеке өзiне немесе делдал арқылы пара беру – мүлкi тәркiленiп немесе онсыз, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмiр бойына айыра отырып, параның 20 еселенген сомасы мөлшерiнде айыппұл салуға не 3 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Айтарлықтай мөлшерде жасалған дәл сол iс-әрекет – мүлкi тәркiленiп немесе онсыз, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмiр бойына айыра отырып, параның 30 еселенген сомасы мөлшерiнде айыппұл салуға не 5 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Егер ол әрекеттер адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен,
iрi мөлшерде, бiрнеше рет жасалса, – мүлкi тәркiленiп, белгiлi
бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмiр бойына айыра отырып, параның 40 еселенген сомасы мөлшерiнде айыппұл салуға не 7 жылдан 12 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға
жазаланады.

Осы әрекеттер аса iрi мөлшерде жасалса немесе оларды қылмыстық
топ жасаса, – мүлкi тәркiленiп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмiр бойына айыра отырып, параның 50 еселенген сомасы мөлшерiнде айыппұл салуға не 10 жылдан 15 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Лауазымды адам бұрын жасаған заңды әрекеттерi (әрекетсiздiгi) үшiн сомасы немесе құны 2 АЕК аспайтын сыйлықты бiрiншi рет беру, егер осы адам жасаған әрекеттер (әрекетсiздiк) алдын ала уағдаластықпен байланысты болмаса, қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайды.

Пара берген адам, егер оған қатысты осы Кодекстiң 366-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген адам тарапынан параны қорқытып алу орын алған болса немесе егер осы адам пара бергенi туралы құқық қорғау органына немесе арнаулы мемлекеттiк органға өз еркiмен хабарласа, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.

 

Парақорлыққа делдал болу (368-бап):

Парақорлыққа делдал болу – мүлкi тәркiленiп немесе онсыз, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмiр бойына айыра отырып, параның
10 еселенген сомасы мөлшерiнде айыппұл салуға не 2 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға
жазаланады.

Бiрнеше рет жасалған не қылмыстық топ немесе адам өзiнiң қызмет бабын пайдалана отырып жасаған дәл сол iс-әрекет – мүлкi тәркiленiп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмiр бойына айыра отырып, параның
20 еселенген сомасы мөлшерiнде айыппұл салуға не 6 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға
жазаланады.

Қылмыс жасалғаны туралы көрiнеу жалған сөз жеткiзу Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі бойынша қылмыс болып саналады және 3 жылдан 7 жылға дейін дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады (419-бап).

Пара тікелей берілуі мүмкін («егер мәселе біздің пайдаға шешілетін болса, онда ..... аласыз»), сондай-ақ жанама болуы мүмкін.

 

МЕМЛЕКЕТТІК ФУНКЦИЯЛАРДЫ ОРЫНДАУМЕН

СЫЙЫСПАЙТЫН ҚЫЗМЕТТЕР?

 

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 10-бабына сәйкес мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттi лауазымды және өзге де адамдарға және оларға теңестiрiлген адамдарға педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтен басқа, ақы төленетiн өзге қызметпен айналысуға тыйым салынады.

Осы талапты бұзғандар жұмыстан шығарылады немесе тиiстi функцияларды орындаудан босатылады.

Аталған адамдар қызметке кiрiскеннен кейiн бiр ай iшiнде өзiнiң меншiгiндегi, пайдаланылуы табыс алуға әкелетiн мүлiктi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен осы функцияларды орындау уақытына сенiмгерлiк басқаруға беруге мiндеттi, бұған осы адамдарға заңды түрде тиесiлi ақша, облигациялар, ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайлары, сондай-ақ мүлiктiк жалдауға берiлген мүлiк қосылмайды. Мүлiктi сенiмгерлiк басқару шарты нотариалды куәландырылуға жатады.

Мемлекеттік қызметкер мүлікті сенімгерлік басқару шарты нотариалды куәландырылғаннан кейін 10 жұмыс күн ішінде нотариалды куәландырылған шарттың көшірмесін мемлекеттік органның жұмыс орны бойынша кадр қызметіне табыс етеді. 

Мүлікті сенімгерлік басқаруға беру туралы ақпаратты ұсынбауы немесе толық ұсынбауы тәртіптік жауапкершілікке тартуға негіз болуы мүмкін,
ал мүлікті сенімгерлік басқаруға бермеу мемлекеттік қызметтен босатуға негіз болады.

 

ТАҒЫ ҚАНДАЙ ШЕКТЕУЛЕР БАР?

 

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 11-бабына сәйкес мемлекеттiк мiндеттердi атқаруға уәкiлеттiк берiлген лауазымды және өзге де адамдар мен соларға теңестiрiлген адамдардың өздерiнiң жақын туыстары (ата-аналары, балалары, бала асырап алушылар, асырап алынған балалар, ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек аға-iнiлерi мен апа-сiңлiлерi, аталары, әжелерi, немерелерi) немесе ерi (зайыбы) атқаратын қызметтерге тiкелей бағынысты лауазымдарды, заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, атқаруына болмайды.

Заңмен аталған жолсыздық анықталған кезден бастап үш айдың iшiнде оны өз еркiмен жоюға мүмкіндік береді.

Егер олар аталған жолсыздық анықталған кезден бастап үш айдың iшiнде оны өз еркiмен жоймаса, мұндай бағыныстылықта болуына жол бермейтiн қызметке ауыстырылуға тиiс, ал бұлайша ауыстыру мүмкiн болмаған жағдайда бұл қызметшiлердiң бiреуi қызметiнен босатылуға немесе аталған мiндеттерден өзгедей түрде босатылуға тиiс.

 

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖАҒДАЙ ТУҒЫЗАТЫН ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАРҒА НЕ ЖАТАДЫ ЖӘНЕ ОЛАР ҮШІН ҚАНДАЙ ЖАУАПКЕРШІЛІК КӨЗДЕЛГЕН?

 

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 12-бабына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылық жағдайлар, ол:

1) басқа мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың қызметiне заңсыз араласу;

2) аталған адамдардың не олардың жақын туыстары мен жекжаттарының материалдық мүдделерiн қанағаттандыруға байланысты мәселелердi шешу кезiнде өздерiнiң қызметтiк өкiлеттiгiн пайдалану;

3) мемлекеттiк қызметке және мемлекеттiк ұйымдарға және жарғылық капиталындағы мемлекеттiң үлесi 50% көп болатын ұйымдарға, оның iшiнде акционерi мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға, ұлттық даму институттарына, олардың дауыс беретiн акцияларының (қатысу үлестерiнiң) 50% астамы өздерiне тиесiлi еншiлес ұйымдарына, сондай-ақ дауыс беретiн акцияларының (қатысу үлестерiнiң) 50%, астамы көрсетiлген еншiлес ұйымдарға тиесiлi заңды тұлғаларға қызметке тұратын және қызметiн жоғарылататын кезде заңда көзделмеген артықшылықтар беру (тамыр-таныстық, отбасылық жақындық);

4) шешiмдер әзiрлеу мен қабылдау кезiнде заңды және жеке тұлғаларға заңсыз артықшылық көрсету;

5) кiмге болса да табыс алуға байланысты кәсiпкерлiк және өзге де қызметтi жүзеге асыруда заңдарда көзделмеген кез келген жәрдем көрсету;

6) мемлекеттiк мiндеттерiн атқару кезiнде алынған ақпаратты, егер ол ресми жариялауға жатпайтын болса, жеке немесе топтық мүдделерге пайдалану;

7) берiлуi заңдарда көзделген ақпаратты жеке және заңды тұлғаларға беруден негiзсiз бас тарту, оны кешiктiру, бұрыс немесе толық емес ақпарат беру;

8) жеке немесе заңды тұлғалардың табыс етуi заңдарда көзделмеген ақпаратты бұл тұлғалардан талап ету;

9) мемлекеттiк қаржы ресурстары мен материалдық ресурстарды жекелеген кандидаттардың сайлау қорына беру;

10) жеке және заңды тұлғалардың арыз-өтiнiштерiн қараудың және өз құзыретiне кiретiн өзге де мәселелердi шешудiң заңда белгiленген тәртiбiн әлденеше рет бұзу;

11) жоғары тұрған ресми адамдардың лауазымдық өкiлеттiктерiн пайдалана отырып мүлiктiк пайда, игiлiктер не артықшылықтар алу үшiн аталған адамдарға сыйлықтар тарту және қызметтен тыс қызмет көрсету;

12) жеке немесе заңды тұлғаларға олардың құқықтары мен заңды мүдделерiн iске асыруда көрiнеу кедергi жасау;

13) кәсiпкерлiк қызметтi мемлекеттiк реттеу, сондай-ақ оған бақылау жасау және қадағалау өкiлеттiгiн сондай қызметтi жүзеге асырушы жеке немесе заңды тұлғаларға беру;

13-1) мемлекеттiк бақылау мен қадағалау мiндеттерiн мемлекеттiк орган мәртебесi жоқ ұйымдарға беру;

14) қызметi немесе жұмысы жөнiнен жоғары немесе төмен тұрған не өздерiмен өзге де түрде тәуелдi лауазымды адамдармен ақша немесе өзге де мүлiк салынатын сипаттағы құмар ойындар ойнауға қатысу әрекеттерi сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылықтар болып табылады.

Мемлекеттiк мiндеттердi атқаруға уәкiлеттiк берiлген адамдардың немесе оларға теңестiрiлген адамдардың осы баптың 1-тармағының
1), 6), 7), 8), 10), 11), 12), 14) тармақшаларында аталған қандай да болсын құқық бұзушылықтарды жасауы, егер онда қылмыстық жазаланатын әрекеттiң белгiлерi болмаса, қызметiнен төмендетуге, ал төмен тұрған бос лауазым болмаған жағдайда – заңда белгiленген тәртiппен қызметiне толық сәйкес еместiгi туралы ескерту түрiнде тәртiптiк жаза қолдануға әкеп соғады.

Алғашқы құқық бұзушылық үшiн тәртiптiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жылдың iшiнде аталған құқық бұзушылықтардың кез келгенiн қайталап жасау заңда белгiленген тәртiппен қызметiнен босатуға немесе мемлекеттiк мiндеттердi атқарудан өзгедей түрде босатуға әкеп соғады.

Мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттi адамдардың немесе оларға теңестiрiлген адамдардың осы баптың 1-тармағының
2), 3), 4), 5), 9), 13), 13-1) тармақшаларында аталған қандай да бiр құқық бұзушылықтарды жасауы, егер онда қылмыстық жазаланатын әрекет белгiлерi болмаса, заңда белгiленген тәртiппен қызметiнен босатуға немесе мемлекеттiк функцияларды орындауын тоқтатуға әкеп соғады.

 

ИГIЛIКТЕР МЕН АРТЫҚШЫЛЫҚТАРДЫ ЗАҢСЫЗ АЛУҒА БАЙЛАНЫСТЫ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАРҒА НЕ ЖАТАДЫ ЖӘНЕ ОЛАРҒА ҚАНДАЙ ЖАУАПКЕРШІЛІК ҚАРАСТЫРЫЛҒАН?

 

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 13-бабына сәйкес мынадай әрекеттер игiлiктер мен артықшылықтарды заңсыз алуға байланысты сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылықтар болып табылады:

1) өздерiнiң мемлекеттiк немесе оған теңестiрiлген мiндеттерiн атқарғаны үшiн, егер заңдарда өзгедей көзделмесе, өзi тиiстi мiндеттердi атқармайтын ұйымдардан, сондай-ақ жеке тұлғалардан ақша, көрсетiлетiн қызмет және өзге де нысандар түрiнде кез келген сыйақы қабылдау.

Мемлекеттiк мiндеттердi атқаруға уәкiлеттiк берiлген адамның немесе оған теңестiрiлген адамның шотына келiп түскен, аталған адам бiлмейтiн ақша қаражаты, сондай-ақ оның осы тармақшаның бiрiншi абзацы бұзыла отырып, тиiстi мiндеттерiн атқаруына байланысты алған қаражаты ол анықталғаннан кейiн екi аптадан аспайтын мерзiм iшiнде тиiстi салық органына мұндай қаражат түсуiнiң мән-жайы туралы түсiнiктеме табыс етiле отырып, республикалық бюджетке аударылуға тиiс;

2) өзiнiң мемлекеттiк немесе оған теңестiрiлген мiндеттерiн атқаруына байланысты не қызметi бойынша өздерiне тәуелдi адамдардан жалпы қамқоршылығы немесе қызметiнде бетiмен жiбергенi үшiн сыйлықтар алу немесе қызметiн қабылдау.

Аталған адам бiлмей келiп түскен сыйлықтар, сондай-ақ оның осы тармақшаның бiрiншi абзацын бұза отырып тиiстi мiндеттердi атқаруына байланысты алған сыйлықтары жетi күн мерзiм iшiнде арнаулы мемлекеттiк қорға тегiн өткiзiлуге тиiс, ал адамға нақ сондай жағдайлар кезiнде көрсетiлген қызмет үшiн республикалық бюджетке ақша қаражатын аудару арқылы ақы төлеуге тиiс. Өзiне сыйлықтар келiп түскен адам жоғары тұрған лауазымды адамның келiсiмiмен оларды аталған қордан тиiстi жерде қолданылып жүрген нарықтық бөлшек сауда бағасы бойынша сатып алуға хақылы. Сыйлықтарды сатудан түскен ақша қаражатын арнаулы мемлекеттiк қор республикалық бюджетке аударады;

3) жұбайының (зайыбының), туыстарының шақыруы бойынша олардың есебiнен;

егер қарым-қатынасы шақырылатындардың қызметтiк iс-әрекетiнiң мәселелерiн қозғамаса, өзге де жеке тұлғалардың шақыруы бойынша (жоғары тұрған лауазымды адамның немесе органның келiсiмiмен);

Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары мен шет мемлекеттердiң мемлекеттiк органдарының арасындағы өзара уағдаластыққа сәйкес тиiстi мемлекеттiк органдардың және (немесе) халықаралық ұйымдардың қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын;

жоғары тұрған лауазымды адамның не органның келiсiмiмен, ұйымдардың қаражаты есебiнен ғылыми, спорттық, шығармашылық, кәсiби, гуманитарлық шараларға қатысу үшiн жүзеге асырылатын, оның iшiнде осындай қоғамдық бiрлестiктердiң (қорлардың) жарғылық қызметi шеңберiнде жүзеге асырылатын сапарларды қоспағанда, шетел, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларының есебiнен мемлекетiшiлiк және шетелдiк туристiк, емдеу-сауықтыру және өзге де сапарларға шақыруды қабылдау;

4) несиелер, қарыздар алуда, бағалы қағаздар, жылжымайтын және өзге де мүлiктер сатып алуда заңдарда көзделмеген артықшылықтарды пайдалану.

Мемлекеттiк мiндеттердi атқаруға уәкiлеттiк берiлген адамның немесе оған теңестiрiлген адамның отбасы мүшелерiнiң аталған адам қызметi бойынша байланысты шетел, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларының есебiнен сыйлықтар мен қызмет, туристiк, емдеу-сауықтыру және өзге де сапарларға шақыруды қабылдауға құқығы жоқ. Мемлекеттiк мiндеттердi атқаруға уәкiлеттiк берiлген адам немесе оған теңестiрiлген адам жетi күн мерзiм iшiнде өзiнiң отбасы мүшелерi заңсыз алған сыйлықтарды арнаулы мемлекеттiк қорға тегiн өткiзуге және республикалық бюджетке ақша қаражатын аудару арқылы өз отбасы мүшелерi заңсыз пайдаланған қызмет құнын өтеуге мiндеттi.

Мемлекеттiк мiндеттердi атқаруға уәкiлеттiк берiлген адамның немесе оған теңестiрiлген адамның аталған сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылықтардың қандайын болса да жасауы, егер онда қылмыстық жазаланатын әрекет белгiлерi болмаса, қызметiнен босатуға немесе мемлекеттiк функцияларды орындауын тоқтатуға әкеп соғады.

 

ҚЫЗМЕТ ЭТИКАСЫН САҚТАУ – СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ БАСЫМДЫ ЖАҒДАЙЫ

Мемлекеттiк қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенiм бiлдiру болып табылады және мемлекеттiк қызметшiлердiң моральдық-этикалық бейнесiне жоғары талаптар қояды.

Қоғам мемлекеттiк қызметшi өзiнiң барлық күш-жiгерiн, бiлiмi мен тәжiрибесiн атқаратын кәсiби қызметiне жұмсайды, өзiнiң Отаны - Қазақстан Республикасына адал да қалтқысыз қызмет етедi деп сенiм бiлдiредi.

Мемлекеттiк қызметшiлер:

- заңдылық қағидатын, Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдары мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң талаптарын басшылыққа алуға;

- Қазақстан Республикасы Президентiнiң саясатын жақтауға және оны дәйектi түрде жүзеге асыруға, өзiнiң iс-әрекетiмен мемлекеттiк билiктiң беделiн нығайтуға, мемлекет институттарының беделiн түсiретiндей iс-әрекеттер жасауға жол бермеуге;

- жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн сақтау мен қорғауды қамтамасыз етуге, олардың өтiнiштерiн қарау кезiнде төрешiлдiк пен сөзбұйдаға салу көрiнiстерiне жол бермеуге, өтiнiштер бойынша белгiленген мерзiмде қажеттi шаралар қолдануға;

- мемлекеттiк қызметке, мемлекетке және оның институттарына қоғамның сенiмiн сақтауға және нығайтуға;

- адал, әдiл, қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтауға, азаматтармен және әрiптестерiмен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептiлiк танытуға;

- мемлекет мүддесiне нұқсан келтiретiн, мемлекеттiк органдардың тиiмдi жұмыс iстеуiне кедергi жасайтын iс-әрекеттерге қарсы тұруға;

- Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауға;

- лауазымдық мiндеттерiн атқару кезiнде жеке және заңды тұлғаларға артықшылық көрсетпеуге, олардың ықпалынан тәуелсiз болуға;

- жеке сипаттағы мәселелердi шешу кезiнде мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, мемлекеттiк қызметшiлер мен өзге де адамдардың қызметiне ықпал ету үшiн өзiнiң қызметтiк жағдайын пайдаланбауға;

- кадрларды туыстық, жерлестiк және жеке басына берiлгендiк белгiлерi бойынша iрiктеу мен орналастыру жағдайларына жол бермеуге;

- қарамағындағы мемлекеттiк қызметшiлерден олардың қызметтiк мiндеттерiнен тыс тапсырмалар орындауды талап етпеуге; басқа адамдарды құқыққа қайшы терiс қылықтар жасауға мәжбүрлемеуге;

- басқа мемлекеттiк қызметшiлер тарапынан қызмет этикасы нормаларын бұзу фактiлерiн болдырмауға және олардың жолын кесуге;

- өзiнiң iс-әрекеттерiмен қоғам тарапынан негiздi сынға себепкер болмауға, сынағаны үшiн қудалауға жол бермеуге, орынды сынды кемшiлiктердi жою мен өзiнiң қызметiн жақсарту үшiн пайдалануға.

Мемлекеттiк қызметшiлер сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiне қарсы тұруға, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға не сыбайлас жемқорлықпен жымдасқан немесе сыбайлас жемқорлық үшiн жағдай туғызатын әрекеттерге жол бермеуi тиiс.

Мемлекеттiк қызметшiлер басқа мемлекеттiк қызметшiлер тарапынан болатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактiлерiнiң жолын кесуi тиiс.

Мемлекеттiк қызметшi, егер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы анық ақпараты болса, мұндай құқық бұзушылықты болғызбау және тоқтату жөнiнде қажеттi шаралар қолдануға, оның iшiнде жоғары тұрған басшыға, өзi жұмыс iстейтiн мемлекеттiк органның басшылығына, уәкiлеттi мемлекеттiк органдарға жазбаша нысанда дереу хабарлауға тиiс. Мемлекеттiк қызметшi өзiн басқа адамдардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға көндiру жағдайлары туралы да аталған адамдар мен органдарға жазбаша нысанда дереу хабарлауға мiндеттi.

Мемлекеттiк қызметшiлер жеке мүлiктiк және мүлiктiк емес пайдалар алу үшiн өзiнiң лауазымдық өкiлеттiктерiн және онымен байланысты мүмкiндiктердi қолданбауға тиiс.

 

ЫНТАЛАНДЫРУ ӘДІСІ …

Қазақстан Республикасының Үкіметі сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте өзге де жолмен жәрдемдескен адамдарды көтермелеу қағидаларын бекітті (2012 жылғы 23 тамыздағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 1077 қаулысы ).

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске өзге де түрде жәрдемдесетін адамдарға біржолғы ақшалай сыйақы түрінде көтермелеу беріледі.

Ақшалай сыйақы түріндегі көтермелеу мынадай мөлшерде белгіленеді:

1) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы әкімшілік істер бойынша – 30 айлық есептік көрсеткіш;

2) онша ауыр емес сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы қылмыстық істер бойынша – 40 айлық есептік көрсеткіш;

3) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы ауырлығы орташа қылмыстық істер бойынша – 50 айлық есептік көрсеткіш;

4) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы ауыр қылмыстық істер бойынша – 70 айлық есептік көрсеткіш;

5) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы аса ауыр қылмыстық істер бойынша – 100 айлық есептік көрсеткіш.

Қағидалардың 6-тармағында көзделген жағдайларда, грамотамен марапаттау немесе алғыс жариялау түріндегі көтермелеулер белгіленуі мүмкін.

Көтермелеуді қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жәрдемдесу:

1) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық немесе қылмыс жасау фактісі туралы хабарлауды;

2) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған іздеудегі адамның тұрған жері туралы ақпарат беруді;

3) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты немесе қылмысты анықтау, жолын кесу және ашу үшін кейіннен маңызыболған өзге де жәрдем беруді қамтиды.

Көтермелеу адам берген ақпарат шындыққа сәйкес болса және айыпты адамға қатысты:

1) әкімшілік жаза қолдану туралы сот қаулысы заңды күшіне енген;

2) айыптау үкімі заңды күшіне енген;

3) ақталмайтын негіздер бойынша істі қысқарту туралы қаулы шығарылған жағдайда ғана төленеді.

Адамды көтермелеу туралы материалды мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органына көтермелеуге құқығы пайда болған күннен бастап он күн ішінде қалыптастырады және комиссия қарауына жібереді және мынадай:

  • сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізетін органның өтініші;
  • сыбайлас жемқорлық қылмыс қылмыс фактісі бойынша, адамның өтініші туралы арыздарды, ақпаратты есепке алу кітабында тіркелген арыздың көшірмесі немесе адамның сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты немесе қылмысты анықтауға, жолын кесуге және ашуға жәрдем бергенін растайтын өзге де құжаттар;
  • әкімшілік құқық бұзушылық жасалғаны туралы хаттаманың немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау жөніндегі қаулының көшірмесі;
  • әкімшілік жаза қолдану туралы заңды күшіне енген сот қаулысының көшірмесі;
  • қылмыстық іс қозғау туралы қаулының немесе сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізу хаттамасының көшірмесі;
  • заңды күшіне енген айыптау үкімінің не ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық істі қысқарту туралы қаулының көшірмесі қамтылуы тиіс.

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар фактісі туралы хабарлаған немесе өзге де жолмен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жәрдем көрсеткен адамдарды көтермелеу мәселелері қардылық құжаттарға қол қою құқығы берілген мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органдарының уәкілетті адамдары қарайды.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл органының басшысы бес жұмыс күні ішінде тұлға біржолғы ақшалай сыйақыны төлеу үшін негіз болып табылатын көтермелеу туралы бұйрық шығарады.

Біржолғы ақшалай сыйақыны төлеу  көтермелеу туралы бұйрық шыққаннан күнінен  бастап он бес күн ішінде адамның жеке немесе өзге шотына аудару арқылы жүргізіледі.

Көрінеу жалған ақпаратты хабарлаған адам Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленген тәртіппен жауапты болады. 

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте  өзге де жолмен жәрдемдескен адамдарды көтермелеу бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізетін органның әрекетіне немесе әрекетсіздігіне сот тәртібімен шағымдануға болады.

 

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ЗАҢНАМАЛАР МЕН НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕР

ҚР Қылмыстық кодексі 2014 жылғы 3 шілде;

ҚР Әкімшлік құқық бұзушылық туралы колексі 2015 жылғы 5 шілде;

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» ҚР Заңы 1998 жылғы 2 шілде;

«Мемлекеттік қызмет туралы» ҚР Заңы 1999 жылғы 23 шілде;

«Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын ратификациялау туралы» ҚР Заңы 2008 жылғы 4 мамыр;

«Қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүйесін жетілдіру шаралары туралы» ҚР Президентінің 2000 жылғы 20 сәуірдегі № 377 Жарлығы;

«Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссия құру туралы» ҚР Президентінің 2002 жылғы 2 сәуірдегі № 839 Жарлығы;

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар қызметіндегі тәртіп пен реттілікті нығайту жөніндегі шаралар туралы» ҚР Президентінің 2005 жылғы
14 сәуірдегі № 1550 Жарлығы;

«Мемлекеттік қызметшілердің ар-намыс кодексі туралы»
ҚР Президентінің 2005 жылғы 3 мамырдағы № 1567 Жарлығы;

«Қазақстан Республикасында қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» ҚР Президентінің 2009 жылғы
22 сәуірдегі №793 Жарлығы;

«Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық  саясат тұжырымдамасы туралы»
ҚР Президентінің 2009 жылғы 24 тамыздағы №858 Жарлығы;

«Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы туралы» ҚР Президентінің 2014 жылғы 26 желтоқсандағы №986 Жарлығы;

«Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте өзге де жолмен жәрдемдескен адамдарды көтермелеу қағидаларын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы №1077 қаулысы;

«Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2015-2017 жылдарға арналған
іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2015 жылғы
14 сәуірдегі №234 қаулысы.